Сәмен өзіне әлдекім сыйға тартқан кітапты қолына алып, самарқау көз салып отыр. Кенет көзі «Хрущевті тақырға отырғызған» деген тақырыпқа түсе кеткені.
Сол кезде мұның: «Хрущеві кім? Аты әлемге әйгілі «жүгеріші» Хрущев пе, жоқ әлде екі ауылдың бірінде арақтан басы артылмай жүрген ішкіштердің бірі ме?»- деген ой иектеген. «КСРО президенті...» деген жолдарды оқығанда, мұның ауылдағы арақ кешке зәредейде қатысы жоқ екенін әңгіме «жүгерші» Хрущев туралы екеніне шүбәсі қалмады.
Рас, арагідік әлдекімдердің естелігінде аты аталып қалғаны болмаса, қазақ әдебиетінде әзірше Хрущев туралы қалам тартушы жоқтың қасы.
Әңгіме авторы сол кемшіліктің орнын толтырмақ болды ма екен?
Тек КСРО –да Хрущев ел басқарған жылдарда президент деген атымен болмағанын ел тарихын білмейтін бұл не қылған журналист?
Әлде ертегі ме?..
Олай деуге біздің өңірдегі бірден-бір таулы аймақтың сол жерде шығатын үнпарақтың, тіпті басылым бастығының аты-жөні мен мұңдалап тұр. Ол аз десеңіз, Хрущевті алдап соғып, тақырға отырғызушы да сол басылым бастығы.
Әңгіме арқауы: Тың өлкесін құрып, қазақтың аузын ақ нанға тигізген Хрущев күндердің күнінде сол қазақтардың мұның атын әлемге жайған жүгеріні қалай өсіріп- баптап жатқанын өз көзімен көріп, таныспақ болып, сол тұстағы Целиноградқа ат басын тірейді. Оның сапарының мақсатын білген тұста лауазымды билік иелері шошып кетсе керек. Өйткені желкілдеп өсіп тұрған егістік алқап жоқ еді.
Басшылардың бірі ығып, бірі бұғып қалса керек. Содан біздің таулы аймаққа Хрущев өзі жалғыз ұшады. Сол кезде таулы аймақты ашса алақандарында, жұмса жұдырықтарында ұстап, жатқызып, тұрғызып, жүргізіп тұрған жоғарыдағылардың қас-қабағын бағып, олар «иіл» десе, иіліп, олар «бүгіл» десе, бүгіліп отырған таулы аймақ басшылары билік иелерінің әрекеттеріне секем алып селт еткен.
Хрущев жол басшылыққа аудандық үнпарақтың редакторы Өтірік Оңбағаровты ұшаққа желкелегендей жетектеп келіп мінгізіп жібереді.
Таулы -тасты аймаққа құнарлы қара топырақ қайдан келсін? Жүгері көктей солған. Содан Өтірік Оңбағарұлының есіне арпа егілген алқаптың көпке дейін көкпеңбек болып тұратыны түсе кетсе керек. «Жүгері егілген алқап әне-міне» деп құс қанаты талатын биіктікте ұшып келе жатқан самолёттен арпа егілген аймақты көрсете беріпті, көрсете беріпті...
Анау басын изеп: «Жақсы, жақсы, айтарлықтай»,- деуден жалықпаған сыңайлы.
-Сіздің аудан жүгеріден мол өнім алғалы тұр,- деген.
Бұған масаттанған редактор ұшқыштардан: «Сәл төменірек ұшуға болмас па екен?»- деп сұраса керек.
-Онсыз да қарғыс атқыр қара тастың қайсына соғылып, күл-паршамыз... Мұны естіген Хрущевтің екі көзі шарасынан шығып: «Дереу биікке көтеріліңдер, қайтамыз!»- депті.
Сөйтіп, біздің Алдар Көседен асып туған ағамыз Хрущевті тақырға отырғызған екен.
-Апыр-ай, ә?!..
Бір қарағанда, әңгіме авторы қазақтың елі мен жерінің Хрущевте кеткен кегін қайтарып, ит терісін басына қаптаған сыңайлы. Тек өтіріктің құрығы бір-ақ тұтам.
Ол- бір.
Екіншіден, саясаттан да,тарихтан да бейхабар, ең бастысы, жазу өнері түсіне де кірмейтін қарындасымыздың айға атылған арыстандай ойсыз әрекетіндей қазіргі қазақ журналистикасында жүрген шала - пұла, менмен, талантсыз да талғамсыз кейбір журналистердің мүшкіл халі осылай кете барса, не болмақ?..
Көңілге түйне түйткіл тастайды екен...
Сүлеймен Баязитов