Мәңгілікке...
-Мен Достықтың мекенжайын сұрап алып, іздеп бардым.
- Не деді?
- Қуанып қалды. Жалғызсырап жүр екен. Әңгімелестік, сырластық. Көңілім арайланды. Достығымыз өле-өлгенше болсын деп серттестік.
- Сосын?
- Сосын Бәсекелестің есігін қақтым.
- Қалай қарсы алды?
- Күлді. Өтірік. Төрін ұсынды. Шықтым. Бәрін алдыма жайып салды. Үйінің асты-үстін, бар байлығын, ақша толы сандығын көрсетті. Таң қалдым. Бірақ үйінен бір кітап таппадым. Күйіндім. Есігін тарс жаптым. Маған бәсекелес болуға жарамайды екен.
- Сосын?
- Сосын Қызғаныштың ауылына жол тарттым. Қызғаныштың ауылы қып-қызыл болып булығып тұр екен. Мені көріп селт етіп, көздерін ашты бәрі. Сөйлеспеді. Ауылды аралап шығам дегенше, айнала ор қазып тастапты. Бір-ақ секіріп өттім. Олар мені Бақыттың ауылына дейін қуып келді.
- Ойпырмай, ә! Сонда жолыңды кеспек болған ғой.
- Иә-ә. Сөйтті. Бақыттың ауылында бәрі шат-шадыман, Ақыл да, Білім де, Еңбек те осында екен. Кідіргем жоқ.
- О неге?
- «Дайын асқа тік қасық» болғым келмеді. Өзімнің Ақылыммен, Біліміммен, Еңбегіммен келсем дедім. Жолда Жағымпаздың ауылына соқтым. Жемқормен ауылы аралас, қойы қоралас боп кетіпті.
- Солай ма? Не істеп жүр олар?
- Ештеме. Ыстықта бас шұлғып, масалап тұрған жылқы секілді... Биіктегі бір дәуі түшкіріп қалып еді, бәрі «жәрекімалла» деп шулап, етпеттерінен құлап түсті. Бәрінің қарындары қампиып кетіпті. Жұқпалы ауру тараған ба, деп кетуге асықтым.
- Иә, кеткенің дұрыс бопты.
- Жолда Махаббатты іздеп келе жатып, Тойшылдарға тап болдым.
- Не дейт? Махаббат әлі бар ма еді? Біржола кетіп қалған болар деп ойлап ем... Тойшылдар әлі тойлап жатыр ма екен?
- Тойлағанда... Аспаннан доллардан шашу шашты. Астау-астау ет, арақтың түр-түрі сел боп ағып жатыр. Атын атам естімеген әлдебір тағамдардан дастарқан майысып тұр. «Шымқалада жоқ-жоқ, Астанада жоқ-жоқ» деп жоқ іздеп, тапырақтап билеп жүр екен.
- Бірге тойламадың ба?
- Жо-оқ. О не дегенің? Ауыл сыртында бала-шағасымен кедейлер шұбап жүр екен. Дәтім бармады.
- Содан... Махаббатты таптың ба?
- Ұза-а-ақ іздедім. Аптығып келе жатып, Еңбектің ауылына тап болдым.
- Ойпыр-ай, ә. Ол не деді?
- Қуанып қарсы қалды. Бұл ауылға қонаққа тағы Ақыл, Білім, Бақыт келе қапты. Мені қуып жүрген секілді, соңымнан қалмады. Солармен аз да болса дәмдес болғым келді.
- Дұрыс болған. Олар сені қатарына қосты ма?
- Қосты. Достастым. Айтылмаған әңгіме-сыр, ақыл-нақыл қалмаған шығар-ау... Бақыт мені қонаққа шақырды. Баратын болдым... тек кейінірек келем дедім. Бәсекелесті, Қызғанышты, Жағымпазды жеңген соң, о жоқ, дұрыс жолға салған соң, оларды да ерте барайын деп шештім.
-Махаббат ше? Махаббат!
- Айттым ғой, көп іздедім, Махаббатты. Расында алыстап кетіпті. Бірақ таптым. Көл жиегіне үй тігіпті. Биікте отырып алып, жарқыраған Күнге, қазбауыр бұлтты аспанға, қаңқылдаған аққу-қазға, көгілдір көлге, айналаға сүйсіне, мөлдірей қарады. Алысқа көз тікті. Достықтың, Бәсекелестің, Қызғаныштың, Бақыттың... бәрінің ауылдарын шолды.
-Сосын?
- Сосын маған: «Бәрін шақыр, бәріңді қонақ етем» деді. Құстай ұшып барып бәрін шақырып келдім. Әрең жүр екен, тайлы-таяғы қалмай жүгіре басып, түгелі жетті. Махаббаттың жүзіне қарап аңтарылды...
- Қызық болған екен.
- Болғанда қандай? Махаббат мейіріммен сүйсіне түгел шолып еді... о ғажап, бәрінің қуаныштан басы айналды. Жемқорың, Жағымпазың, Қызғаныш, Бәсекелестің ауылы, Тойшылдарың бәрі-бәрі Еңбекке, Ақылға, Білімге ұмтылды. Тіпті таласып әкетті. Әрең жеткіздік. Дүние ақ мамыққа оранғандай нұрланып сала берді. Пендешілік атаулы күресінге тасталды.
- Енді қайда барасың?
- Жақсылықтың... Мәңгілік мекеніне...
Сая МОЛДАЙЫП