«Кеудесі жақсылардың алтын сандық» дейді. Бұл сөз бабалардан қалыпты. Сол рас! Жақында редакцияға Баянауыл ауданы С.Торайғыров атындағы ауылдан ардагер ұстаз Шолпан Әбілғазықызы Жақыпова келді. Осы аймақтан өткен тарихи тұлғалардың жұрт біле бермейтін мәліметтер, фотосуреттер жайлы көрген-білгенімен бөлісті. Соның бірі - Сұлтанмахмұт Торайғыров сүйген қыз Мәлике Мұқтарқызы!
Өнер-білімімен асқан, ақын, алуан-алуан тақырыпқа қалам сілтеп, әдебиет пен мәдениетке толағай мұра қалдырып үлгерген Сұлтанмахмұт Торайғыров
28 жасқа қараған шағында өмірден «құйрықты жұлдыздай ағып» өтті,
ол 1920 жылы 21 мамырда қайтыс болды.
Ақынның туып-өскен жері – Баянауыл ауданының Торайғыр ауылы. Сол ауылда жерленген. Басына белгітас қойылып, тоқсаныншы жылдардың басында кесенесі көтерілді. Бұған ұйытқы болған әйгілі қаламгер Әбіш Кекілбаев болатын. Сол ауылда мұражайы бар. Осыдан 3-4 жыл бұрын барғанымызда мұражай тым жүдеу еді.
Сылағы түсіп, қабырғасының қаптамалары босап, оны қызметкерлері сыммен ілдәлдалап байлап, жапсырып қойыпты. Бертін кесенесінің де берекесі кетті, күтусіз қалды дегенді естіп жүрміз. Өкіндіретін, елдігімізге сын жағдай. Шерхан Мұртаза айтқан «Бірі кем дүние» осы болар.
«Сұлтанмахмұт ақын еске түскенде, өлеңдерін оқығанда жаным кәдімгідей құлазиды. Ел қамын ойлар егденің сөзін айтқан жап-жас жігіттің ақылы, ақындығы таңқалдырады. Амал не, өмірдің қызығын көре алмады, жар да сүйе алмады, соңында ұрпағы да қалған жоқ,- деп еді Фариза Оңғарсынова ана жылы ақынның мерейтойын ұйымдастыруға Павлодарға арнайы келгенінде.
– Сұлтанмахмұт - ұмытылмауы, халық жадында мәңгі қалуға тиіс ақын» деп, өзінің Сұлтанмахмұтқа арнайы шығарған өлеңін «Сарыарқа самалына» берді. Ол жарық көрді...
Редакцияға С.Торайғыров атындағы ауылдан арнайы келген ардагер ұстаз Шолпан Әбілғазықызы Жақыпова Сұлтанмахмұт ақын жайлы бір мәлімет айтты. Ол – Сұлтанмахмұтқа қазақ ғұрпымен жастайынан атастырылған Мәлике қыздың жағдайы.
- Мәлике – Сұлтанмахмұтпен аталас. Бәріміз Айдабол – Жанғазы – Едігеден тараймыз. Едігенің 5 баласының бірі – Шоң, шын аты – Ақдәулет, сосын Торайғыр би – шын аты – Бақдәулет, Қиғара, Сарман, Қосдәулет. Шоңның мыңдап жылқы айдаған Ақын деген баласы – біздің атамыз.
Яғни Шоңнан Ақын, Айман, ал Айманнан Кенжетай, одан Абдан, Шәкен, Кәукен туады. Шәкен - ұлы атасы Айманның есімін алған да, Кәукен - әкесі Кенжетайдың атында. Кірбас, Боқшал - Ақынның кіші әйелінен туған. Мұқтар - Кірбастың баласы. Сонда Мұқтардың қызы Мәлике мен Аймановтар немере туыс болып келеді.
Мұқтардан Хасен, Жұмаш, Мәлике, Рақима, Нағима, Рымжан туған. Олардың арғы аталары бай болса да, кіші ана балалары кедейлікте өмір сүрген, бәйбіше балаларының малын бағып күн көрген. Мәлике қыз - Шоңның ұрпағы. Менімен де аталас болып келеді, - дейді Шолпан Әбілғазықызы.
Сондай-ақ музыка аспаптарын жасаудың шебері, отызыншы жылдардың ортасында Ахмет Жұбановпен бірге қазақ ұлт аспаптар оркестрін құрып (қазіргі Құрманғазы оркестрі), қазақтың көне аспаптарын жасап, бүкіл өнер ұжымын музыкалық аспаппен қамтамасыз еткен, есімі бүкіл Алашқа әйгілі Қамар Қасымов та - Шоңның ұрпағы. Қамар мен Сұлтанмахмұт - тай-құлындай тебісіп, асық ойнап, бірге өскен. Келесі жылы екеуінің де туғанына 125 жыл.
Мәлике – Мұхтар Кірбасовтың балала-рының үлкені екен. Тумалық жолмен қарағанда Сұлтанмахмұтпен төрт атадан қосылатын немалтай қарындасы. Сөйте тұра әкелері құдаласқан дейді.
Мәлике – өз заманының көзі ашық қыздарының бірегейі болған, оқыған, зиялы, мәдениетті әрі көркем екен. Орысша, қазақша білім алған, түрлі курстардан өткен, Баянауылдағы қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш оқытушы.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары мектепте мұғалім, кейін Баянауылдағы партия-совет мектебінде ұстаздық етеді. Өзінің жазылмасына көзі жеткен ақын қыздың анасы Гүлзипа Жетпісбайқызына хабар айтып: «Мәликені маған жіберсін, көрейін деп едім» деп өтініш етеді. Әке-шешесінің рұқсатымен Мәлике Сұлтанмахмұтқа келеді. Ағалы-қарындастай табысып, мұңайып айырылысады.
Бұл туралы филология ғылымдарының кандидаты Ермек Өтебаевтың жазбасында бар. Ақын өзінің ауыр науқастан енді жазылмасына көзі жетіп, Мәликеге: «Жар қимақ пен жан қимақ – бәрі бірдей. Қидым, қидым, амал жоқ қимағанмен» деген өлең сөз қалдырған екен.
Сұлтанмахмұт оған ғашықтық көңілін ерте білдіреді. Мәлике 12 жасында мынадай өлең шығарыпты:
Нәзік дауыс, әнге ұста,
Разы шат тұрмысқа.
Жұғымды мұндай бала жоқ,
Бұл маңайда, бұл тұста.
Асырауға көнеді,
деп көңілім сенеді.
Қандай ұрық ексең де,
Сөзсіз жеміс береді.
Именетін кез келіп,
Жаттығы жоқ адамға.
Оқығанға кез келіп,
Түсінсе еді заманға.
Орыс, ноғай қыздары
Қалар еді табанда.
Ақын Мәликеге ашық көңілін білдіріп, «М...-ға», «Ақ сәуле», тағы басқа өлеңдер арнаған. Ақынның Мәлике қызға деген ғашық көңілі жайлы Ермек Өтебаевтың жазбасында былай делінеді: «Сұлтанмахмұт айлы кештерде Шідертінің жағасында серуен жасағанды ұнатқан.
Оны білетіндер ұйқысынан оянған сұңқардай бойын түзеп, көзін жайнатып, ойынан тез айығып, сергитін деп сипаттайтын.
Сол Шідертінің жағасында бір түні кейіпсіз, реніш, қайғылы халде болды. Ол жайт Мәликеге байланысты еді. Көп ашылып сөйлемей, туысы Шәйбайдың: - Саған бүгін не ой түсті?
Ауырамысың, неге ренжідің? - дегеніне: «Сен білмейсің, жан қимақ пен жар қимақ бірдей-ау өзі», - деп тағы үндемеді.
Біраздан кейін: «Мақал деген - көптің ұнатқан сөзі. Халық айтса, қалт айтпайды. Бұл бір өзгермейтін шындық-ау өзі. «Көз – көңіл айнасы» дейді, жан мен жүректің айнасы деп неге айтпады екен?» - деп тағы ойға кетті.
– Мен, - деді, бұл дертімнен жазылмайтыныма көзім жетеді, ақыры мені алады ғой. Бұл туралы көп брошюралар оқыдым. Сондықтан бүгіннен бастап Мәликені алмасқа бел байладым. Бекіндім, - деді де: - Сен Мәликенің көзіне бір қарап көрші?!
Көзі қандай ашық, қандай терең сырлы, күлкісі қандай таза, жаны қандай таза, - деп Мәликенің әр түрлі өзгеше жайын айтып мақтай түсті.
– Бір жақсы адамға кездесіп, бақытты жасаған күнін көрсем, жаным жай табар еді. Неге көрдім, неге сүйдім, неге күйдім, неге қидым? Амал не қимағанмен, менен не бақыт табады?
Маған тиіп, менен айырылып қалса, оның жаны мәңгі қасіретте қалмай ма? Онда Мәликелік заты жоғалады ғой. Қой, ол бақытты болсын! – деп өз шешімін бекіткен» дейді.
Сұлтанмахмұт пен Мәликенің бір-біріне деген сезімдері туралы қос ғашықтың көзін көрген Нағима (Мәликенің сіңлісі) Мұқтарқызының да естелігі бар. Онда былай делінген:
Шоң бидің ұрпағымыз, Біздерді би баласы дейтін. ...Сұлтанмахмұтты жақсы білемін. Оның ақ сұр, қорасан дақты дөңгелек жүзі, атамыз Шоқаңа (Шоқпыт) тартқан қақпақ жауырынды қапсағай бойы, аяғын ауыр басатын тартымды тұлғасы, шағындап киінетін жинақылығы, анда-санда тық-тық жөтелетіні, нені де болса ашық, анық, шегелей сөйлейтіні - бәрі көз алдымда. Өлеңдерінің біразын жатқа айтамын. Ауыл аралас, қой қоралас.
Сұлтанмахмұтты тағы бір жақсы білу себебім - 1919 жылдың жаз салымында Шоқаң менің апам Мәликеге құда түсті - Сұлтанмахмұтқа айттырды. Қалыңға төрт-бес қараның ретін берді. Баланың кішісі мені шақырып, «кел, мына қағазды апарып бер»-ге талай жұмсады (бұл жерде Сұлтанмахмұтты айтып отырған болу керек. С.М.) Маған айна-тарақ, сабын, тәтті сияқтыларды жиі сыйлап, өз сеніміне кіргізіп алды.
Сұлтанмахмұт қатаң жатқанда да жиі баратын мен болдым. Оны жерлегенде басы-қасында жүрдім. Тек қалыңдық аталған апам ғана жерлеуге жұрт көзінен именіп, қатыса алмады. Сұлтанмахмұт жиырма сегізге қарап тұрғанда өкпе ауруынан дүние салды.
Ауруын Мәликеге мирас қылып кетті. Мәлике де 1932 жылы жиырма сегізге қарап тұрғанда, ол кезде Баянауылдағы совпартшкола дегенде оқытушы еді, өмірден өтті.
Иә, бұған қарағанда ақын мен Мәлике әкелер пәтуасымен жай ғана атастырылмаған, кәдімгідей бір-біріне ынтық, ғашық жандар болғанға ұқсайды.
Нағима апаның айтуынша, Айманның кіші әйелінен туған Жағыпар мен Кенжетайдың көмегімен Мәлике кейін Омар Иманбаев деген жігітке тұрмысқа шыққан. Сүйгенінен айырылып, бақытсыздыққа жастайынан душар болған Мәлике қызға үйленген Омар кім?
Ол - Сұлтанмахмұттың замандасы, бірге жүрген, оқыған, ауылдағы есті азаматтардың бірі болса керек. Омар мен Мәлике қалай өмір сүрді, араларында бала болды ма екен? Бұл сауалымызға Шолпан Әбілғазықызы былай дейді:
- Мен Омарды көргенмін. Руы - Уақ. Қоныстары Жасыбай көлінің маңында. Жетпісінші жылдардың басында мен Қарағанды Мемлекеттік университетінің 5-курсында оқимын. Бірге оқитын Роза деген құрбымнан конспект алуым керек еді.
Ол бір пәтерде тұратын-ды. Розаны іздеп сол үйге бардым. Бұл құрбымның күйеуі Сиязбек Ахметов - Омардың жиені болады. Есік алдында екеуіміз сөйлесіп тұрғанда үйден бір ақсақал шықты. Мен амандастым. Розадан: «Бұл кім?» деп сұрады. Сонда Роза:
- Бұл - Баянауылдан, Мәликенің сіңлісі, - деді. Ақсақал елең етіп, маған қадала қарады. Сонда соңынан шыққан әйелі:
- Қанша жыл өтсе де Мәликені ұмыта алмадың ғой, - дегені... Ата үндемеді. Соған қарағанда Омар да Мәликені қатты ұнатса керек. Екеуінің ортасынан Баян деген ұл қалған. Омар атамыз көп жылдар Қарағандыдағы Тау-кен техникумында оқытушы болды. 1973 жылы, онда мен мұғалім едім, Баянауылдың оқу бөліміне Баян Омарұлы инспектор болып келді.
Отбасымен ажырасқан екен, Баянауылда жесір Бикен апайға үйленіп, онымен көп тұрмады. Кейін сол апайға жолығып, Баянды сұрағанымда: «Иә, Баян - Омар мен Мәликенің баласы» деген-ді.
Сөйтіп, тағдыр айырған қайран Сұлтанмахмұттың сүйгені Мәлике қыздың жағдайы да жақсы болмады, ол да көкірек ауруынан 28 жасында өмірден ерте өткен екен.
ХХ ғасырдың реалист ақыны, ғылымның әралуан саласынан хабардар болған, өз бетінше көп оқып, ізденген, өз заманының оқымысты жастарының қатарынан көрінген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Адасқан өмір», «Кім жазықты?», «Кедей», «Қамар сұлу» поэмалары мен асқақ қиялға бастайтын лирикасы оны қазақ әдебиетінің ірі өкілі етті.
Ол ұлттық мәдениеттің көрнекті қайраткері, ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірінің шежірешісі болды. Өмірі қысқа, тағдыры қиын болғанымен, шығармашылығы халықпен бірге жасап келеді. Ақын... өлген жоқ!
Сая МОЛДАЙЫП:
Журналистер одағының мүшесі.