Жалғыз қалды
Жалғыз қалды

Әдеби дүние, әдеби кітап замана ызғарымен бетпе-бет келіп, жалғыз қалды. Кітап идеологиясы нөлге айналды. Есесіне тіс жуатын паста, сабын, иіссу, кір жуатын ұнтақ тіпті еден жуып, қоқыс жинайтын шет елдік дүниені әр телеарнадан 10-15 минут сайын жарнамалайды. Сананы оятып, ой салатын жап-жақсы хабарды көріп, тұщынып отырғанда жалт етіп гигиеналық заттар, дәрі-дәрмектер экранға шыға келеді. Қазақша мәтіні орыс тілінің екпінімен зуылдап айтылады. Қай каналда да осы.

Кітап ше?

Көркем әдеби, тарихи кітаптар қайда?

Оқырман қайда?

Оқырман қайрылмай барады. Өткен қыста Әнес Сарай, Қойшығара Салғара, Несіпбек Айтұлы, Төлен Әбдік облыс орталығына келді. Сұхбаттасып отырып: «Бұрын жазушылар ауыл-елді, оқу орындарын аралап, кездесу өткізетін. Кітаптарын ел-жұрт (кеңестік кезең идеологиясы, орыс тілі салтанат құрып тұрғанның өзінде) пышақ үстінен талап әкететін, сондай кездесулер неге ұйымдастырылмайды? 

Тірі жазушыларды көруден қалдық қой» дедік. «Бұрын жоспарлы түрде Жазушылар одағы бар, басқасы бар іссапарларға арнайы жіберетін, жолақы, жамбасақы берілетін. Енді осыны ауыл-елдің басшысы не кітапқұмар байшыкеш өз мойнына алып, шақырса ғана баратын болдық. Бір-екі мың данамен шығарған кітабымыз елге жетпейді. Бүгінгі ұрпақ бізді тани қоймайды» деді. «Насихат жоқ» деді. «Әдеби кітаптар жалғыз қалды» деді.

Бір іссапарда ауыл кітапханасына бардық. Кітап қалаулы тұр. «3-4 жыл болды, «Атамұра» баспасынан міне, мынадай-мынадай кітаптар түсті. Ана тіліміздегі кітаптар көбейді» деп мақтанды кітапханашы. Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаевтан бастап белгілі қаламгерлердің кітаптары, ертегілер, мақал-мәтел ... Бірақ ешкім алып оқымайтыны көзге көрініп тұр, су жаңа. Жаңа ғана әкелгендей.

Парақтары жабысып жатыр... Міржақып Дулатов бір ғасыр бұрын былай депті: «...әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес». Бірақ бізде әдебиет, тарих жоқ емес, бар ғой. Бірақ пайдаланылмай, іске аспай тұр.

Интернет келді. Басқасы келді, жарнама ілесе келді. Жаңалық, заманауи технология жақсы-ақ, ақпаратты жылдам естисің, басқа да ұтымды жағы көп, зияны да аз емес. Осы «байлық» көркем дүниені, құндылықты ығыстырып барады. Бұл – бізде. Бір күнде 3 рет газет шығаратын редакциялар, ақпараттық дүниесі алға озып кеткен шетелдіктер газет-журнал, әдеби кітап оқитын оқырманға ділгір емес. Газет-журналың да, жаңа шыққан кітабың да бірден тарайды, бірден оқылады, өзге тілдерге бірден аударылады.

Олар өздерінің әдеби дүниесін жанталаса басқа тілдерге аудартып, өздерін танытып жатыр... Көбік сериалдарын күнде шығарып жатқан елдердің театрында әр қойылым аншлаг деп естиміз. Сонда олардың шығармашыл адамдары кез келген дүниеден шедевр жасайтын кереметтер ме әлде халқы әдебиет пен өнерге сусап тұра ма? 

Кітап оқымайтындардың өмірі басталды. Кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келеді. Жоғарыда сөз болған қаламгерлердің бірі: «Менің немерелерім бұрынғы қаламгерлерді оқымайды, олардың уақыты өтіп кеткен, қызықсыз» деді. Бұл – уақыттың бағасы! Ендеше, бүгінгі күннің шындығын сорғалатып тұрып жазатын қаламгер қайда, оны таласа оқитын оқырман қайда? Жылда «Бір ел – бір кітап» акциясы өтеді, жылда белгілі жазушылардың тұщымды дүниелері насихатталады. Бұл – теңіздегі тамшыдай-ақ. 

Ана жылы Фариза Оңғарсынова: «Сөзімді тыңда, биліктім!» атты өлең жинағына «Айнам, аман, биік жүр!» деп қолтаңба жазып берді. Бірінші бетіне фотосуреті, бір топ өлеңдері шыққан «Қазақ әдебиеті» газетін ала бардым Тұманбай ақынға. Газеттің сол бетіне: «Өлеңдерімді көп оқиды екенсің. Туған қарындасымдай жақсы көрем сені» деп қолтаңбасын жазып берді ақын. Бұл сөздер қанат бітірді. Қазір бала-шағаның, тіпті бесіктегі сәбидің тойына барсам, кітап сыйлаймын. «Көп оқы, биікте бол» деп жазам.

Егер, дейді бір ойым, егер әр телеарнадан қазақ әдеби кітаптарын (бұрынғысын, бүгінгісін) сусабын, ұнтақтың орнына күн сайын, әр 10-15 минут сайын жарнамалап, қайталай берсе не болар екен...   Рухани бұлқыныс керек!

            Сая Молдайып

MuxitMuxit
6 лет назад 2535
0 комментариев
О блоге
0
0 0 0 0 0