- Қазақ қазақ болғалы жалғасып келе жатқан хас өнердің бірі – күйшілік. Ықылым замандардан бері өмір сүрген дәулескер күйшілердің қай-қайсысының болсын күй сарынында даланың үні, Ай мен Күн, аққудың әні, даланың сәні, табиғаттың тылсымы, адамның қуанышы мен мұңы бар, - деп бастады әңгімесін Балтабай аға. – Құрманғазы!

Күй атасы!

Оның күйлерінде адамның көңіл күйі мен табиғатты сабақтастыра суреттеу – шығармаларының алтын арқауы дер едік.

19 ғасырдың 30-шы жылдарындағы шаруалар көтерілісін бастаған Исатайға арнаған «Кішкентай» атты күйі. Мұнда іштегі шердің сазын, ой тебіреністерін қалай шебер бере білген десеңші... «Ақбай», «Ақсақ киік», «Көбік шашқан», «Түрмеден қашқан», «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа», «Аман бол, шешем, аман бол», «Бұқтым-бұқтым», «Қайран шешем», «Кісен ашқан», «Алатау», басқа да күйлері адамның рухани сезімінің терең иірімдерін дөп басқандығымен, ішкі тебіреністі сөйлете алғандығымен ғасырдан-ғасырға жетіп, халық арасында кеңінен танымал болды.

Дәулеткерейдің лирикалық «Қосалқа», «Жеңгемсүйер», «Қаражан ханым», «Топан» атты күйлерінің қай-қайсысы болсын көңілге жылылық орнататын сүйіспеншілік толқыны десек болар. Иә, осы күйлердің әрқайсысының өзіндік шығу тарихы бар.

Мысалы, «Топанды» алайық. Күйшінің Топан атты бүркіті болған дейді. Бір тұманды күні құсынан көз жазып қалса керек. Жан серігіне айналған Топанын ұзақ іздейді. Таба алмайды. Бұл жағдай күйшіні өкіндіреді, опындырады.

Сол күйініштен осы «Топан» күйі туыпты деседі. Түндігі ашық киіз үйдің есігін түріп қойып, Топанды безілдетсе керек. Сонда домбыраның үнін, күй дауысын естіген Топан бүркіт қалықтай келіп, қонған дейді. Міне, күй құдіреті қандай?!

- Сөзіңіз аузыңызда, көпшілікке белгілі, «Қыз Жібек» фильмін түсіргенде адамдарға жақындай қоймаған жабайы аққулар да «Аққу» күйін қамыс арасына қойып ойнатқанда, көл жиегіне таяу келіп, күй сарынына елтіп, ұзақтау жүзіпті деседі.

- Ол рас. Жалпы, Нұрғиса ағамыздың шығармалары қазақтың ұлттық музыка аспаптарының жанрына арналған ғой. Жалпы, күйші дегеніңіз - жеке дара адам.

Бізге дейінгі күйшілердің қай-қайсысы болмасын жеке орындаушылық дәстүрде күй шығарса, 20-ғасырда қазақ музыкасы ерекше дамыды.

Яғни сол кездегі музыканттар еуропа дәстүрін қазақ музыкасымен орайластыруға ден қойды.

- Зерттеушілер мұны сол кезеңдегі музыканың парадоксы деп атады ғой.

- Әрине! Өйткені қазақы жеке орындаушылық пен еуропалық оркестрлік мәдениет сипаты кереғар болды. Бірақ Тілендиевтің «Көш керуені», «Аққуы» мен 
«Ата толғауының» үні қазақы сипатта, төлтума шығарма бола тұра оркестрмен үндесуінің өзі ғажап емес пе?!

Жалпы, Нұрғиса күйшінің туындыларында керемет бір сарын, толғау, шынайылық бар. «Әлқиссасы» қандай?!

Тебіренбей тыңдай алмайсың. «Аққу» күйінде керемет бір фантастикалық дыбыстаулар естіледі. 
«Ата толғауының» басындағы сиқырлы дыбыстар адам жанын кәдімгідей елітеді, елеңдетеді, сананы музыка тыңдауға жетелейді.

- Тілендиев ұлттық музыканың рухани мазмұнын тап баса отырып, табиғи күйінде сақтай білген дейсіз ғой...

- Оның ғажаптығы да сонда жатыр. Қазақта «Нар идірген», «Қаражорға», «Бозайғыр», «Тепеңкөк» сынды көптеген күйлер бар. Әрқайсысы жаңа айтып өткенімдей бір-бір тарих. Жаугершілік заманда бір ауылдың жылқысына жау тиіп, барымталап кеткен дейді.

Сонда бір ержүрек жігіт боз айғырға міне шауып, жауды қуып жетсе керек. Жалғыз шапқан жігіт мерт болыпты. Сонда иесінен айырылған боз айғыр жаудан қаша кейін шауып, ауылын айнала кісіней шырқырап, шапқыласа керек.

Сонда ауыл адамдары боз айғыр иесінің мерт болғанын біліп, «аттандап» жауды түре қуып жетіп, жылқыларын аман алып қалған екен. «Бозайғыр» күйі содан қалған деседі.

Қазақта ғашықтық, махаббат сезім-деріне арналған күйлердің өзі бір төбе. Мәнен деген күйші өткен деседі. Сол күйші бір ауылға келсе, Шолпан атты қызды ұзатқалы жатқан той үстінен түседі. Шолпанның өзі де атағы шыққан күйші болса керек. Ұзатыларда құрбыларына: «Ешқашан ұмытпайтын бір өнер сыйлаңдаршы» деп өтініш айтыпты.

Қызыққа жиналған жастар бірінен соң бірі (о кезде әу демейтін, домбыра тартпайтын қазақ жоқ) өнер көрсетіпті. Шолпан қызға бірі де ұнамапты дейді. Сонда Мәнен күйші домбырасын қолына алып, ешкім естімеген әлдебір сарынды бебеулете жөнеліпті. Күйде тіл жоқ деген өтірік. Күйде тіл бар, жүрек пен сезім бар.

Сонда Мәнен күй тілімен қыздың сұлу сипатын, мұңын, той қуанышын, қан жайлаудың көркін, қыздың елімен қоштасып бара жатқан зарын лирикалық көңіл-күймен сипаттайды. Бұл күй қалыңдыққа қатты ұнап, кейін бұл халық арасына «Ақ Шолпан» күйі деген атпен тарап кеткен.

Осы секілді күйлер көп қой, бізде. Секеннің, Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны», «Ақжауын» деген күйлерін тебіренбей тыңдай алмайсың. Жүректен шыққан саз жүрекке жетеді, ол ешқашан ұмытылмайды.

- Музыкалық картина! Бұл – музыка мен көркемсурет өнерінің байланысы ғой.

- Иә. Осы арқылы дыбыстар үйлесімін сезім мен эмоция арқылы күй «бояуымен» үйлестірген. Әрине, мен халық музыкасы жайлы жаңалық ашып отырғаным жоқ. Бұл – бұрыннан айтылып, жазылып келе жатқан дүние.

Бірақ мұның бәрін әңгімелеп отырған себебім, өзім де домбырадан қара жаяу емеспін, домбыраға, ақындыққа талай шәкірт тәрбиеледім. Айтайтын дегенім, қазіргі жастар, балалар арасында домбыра тартатындар көп.

Алайда солардың бірен-сараны болмаса, күй табиғатын, оның авторын, күйдің шығу тарихын білмейді. Музыка тілімен айтқанда, техника қуады. Тарсылдатып, сартылдатып ойнап шыққанға мәз.

- Күй табиғаты арқылы күйдің иірімін, көңіл-күй әуенін білу міндет. Динамикалық толқын керек, күй идеясын білу шарт дейсіз ғой.

- Әрине, солай. Дыбыстық иллюзия деген бар. Оркестр күй орындап жатқанда шекті аспаптар тобы бірігіп, құлаққа естілер естілмес тембр дыбыс шығарады. Дыбыстық эффект қой, бұл. Музыка тілі. Иірім.

Осыны түсіне білу керек. Тағы бір айтарым, бізде қазір баланы күй тыңдауға үйрету деген жоқ. Павлодарға кейде скрипкашылар, джаз музыкасын орындаушылар келеді. Атақты бәрі.

Сол концерттерге өзге ұлт өкілдері бала-шағасымен сабылады. Солардың арасынан қазақ баласын кездестіре алмайсың. Бала жанын музыкаға, сұлулыққа, ұлттық руханиятқа тәрбиелеу жағы (музыка, өнер мектептерінен басқа) кемшін.

Әрине, осыдан келіп, бала жасөспірім шаққа жеткенде уызына жарымаған төл секілді, шетелдік даңғазаларға еліктейді, соны музыканың төресі деп қабылдайды. Осы жағын ескерсек, мән берсек деп ойлаймын.

- Дұрыс айтасыз. Балабақшаларда, мектептерде балаларды күй үнімен қарсы алып, шар еткен қоңырау дауысынан гөрі күй ойнатса қандай жақсы болар еді.

- Иә, ұлттық музыка, оның ішінде қазақтың күйлері жан-жүйеңді тербетеді, ой-қиялға жетелейді, ізгілендіреді. «Күй» атты өлеңімде былай дегенім бар:

Күй шертсем, көңіл күйім тазаратын,
Домбырам - ерттеулі қазанатым.
Сиқырлы күйдің сазды құдіреті,
Серпілтіп дертімді де жаза алатын.
Күй шертсем, жанған оттай
жалындаймын,
Екпіні тау құлатар ағындаймын.
Күй дауылы соққанда домбырадан,
Басқаға мұңымды айтым шағынбаймын...

- Бәрекелді! Көп рахмет, Балтабай Сәкенұлы!

Сіз секілді естіген-білгенімен газет арқылы көпшілікпен бөлісетін азамат-тар қатары көп болса кәнеки!

    Сая МОЛДАЙЫП.