Шантаж құрбандары
Шантаж құрбандары

                                         (Әңгіме)

Андақұлдың шешесінің көрші ауылда тұратын сіңлісі қайтыс болып, соның намазына жүретін болды. Кетерінде ол:

-Құлыным, ана қасқа сиыры құрғырды мал өрістен  қарсы алып, қораға қама. Далада қалмасын, ұры-қары бар дегендей,- деп қатты тапсырған.

-Апа, ұқтым!- деді бұл сөзін бөліп.

-Қой, көліктен қалып қоярмын, қозғалайын.

Шешесі кеткен соң, ол үйге бір кіріп, бір шығып қара кешті, малдың өрістен қайтар шағын асыға күтті. Ақыры, күн ұясына қонып, өрістен қайтқан малдың тұяғынан көтерілген  қара шаң ауылдың шетіне іліккен тұста, бұл да шешесінің сиыр қайырғанда қолына ұстайтын шыбығын алып, малдың алдынан шыққан.

Е-е, міне, қасқа сиырлар да көрінді. Тек сол сәтте ғана мұның өзінің сиырын жыға танымайтыны есіне түсті. Сұрай қоятын бақташы да көрінбейді. Қап! Сол сәт өзіне қарай беттеп келе жатқан сиырлар сартпа-сұрт сүзісе кетті. Бұлардан мұны күтпеген ол состиып тұрып қалған еді.

Ақыры, қарсыласының тізесіне шыдамаған сиырлардың бірі бұған қарай ойыса берді.  Бұған тақала беріп бір түрлі жалынышты үнмен ішін тартып, ышқына мөңіреп қоя берді. Оның мұнысы: «Ойбай-ау,  не қарап тұрсың? Мені мынау өлтіретін болды ғой!»- деген сынды естілген. Сол-ақ екен бұл қолындағы шыбығын шолтаңдатып арашаға ұмтылды. Қолындағы шыбығымен қасқа сиырды тырқырата қуып келе жатқан сиырды оңдырмай салып-салып жіберді. Сол-ақ екен жаңағы сиыр тайқып шыға берді.

Ауылға кірген тұста қасқа сиыры құрғыр басқа көшеге қарай бұрыла берді. Бұл оны қайырып әлек. Ал ол бұдан лақ-лақ қашып әлек. Ендігі сәтте ауыл иттері де көктен тілегендері жерден табылғандай абалай үрісіп бұлардың соңынан салған.  Кеудесінде шыбын жаны бар, ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген шал-кемпіріне дейін өрістен қайтқан малдарын қарсы алып далаға шыққан тұсы ғой.  Кейбірінің екі көзі шарасынан шыға, енді біреулері ауыздарын аңқайта ашып немен бітері белгісіз.

Тосын жайды тамашалаумен тұр. Ақыры, қасқа сиыры құрғыр бір үйдің есігі ашық тұрған ауласына сып етіп қойып кеткен. Сиырды із өкшелеп қуған.  Андақұл да осы аулаға ене берген. Андақұл осы  тұста,  қарсы алдында жымия күліп тұрған Аяулымды көрген. –Опырай, сонда манадан бері мұның өкпесі өшіп, өкшелей қуып жүргені осы үйдің сиыры болғаны ма? Масқара-ай, ел-жұрт... Ойламаған жерден Андақұлға анадайдан өршелене өкіріп, алдыңғы аяғымен жер тарпып, шаңдата бастаған бұқа тығырықтан шығар жол сілтегендей еді.

-Саған келе жатыр едім,- деді бұл. Жолда сиырыңды сүзіп жатқан бұқадан айырып айдай келдім. Сенде шаруам бар еді.

-Үйге кір.

-Жоқ, жүре сөйлессек. Мұны естіген Аяулымның әке-шешесі үйлеріне беттеген.

Шешесі:  -Апыр-ай, әйел қырық шырақты деген осы да, қаршадайынан сенің қырыңа ілігіп, мектепті бітірер-бітірместен қалаға оқу іздеп қаңғып кетіп, үш-төрт жыл дегенде не бітірген оқуы, не басыбайлы байы жоқ жиырма сегізге дейін жар құша алмай, кәрі қыз атана бастаған тұста  байғұс баланың бағы байланды-ау!- деп,- ішкенім ірің, жегенім желім болып жүргенде, шынымен-ақ бағы жанғалы тұр ма?- деп тәтті ойға берілген...

Әкесі : «Бұл зәнталақ  оқуға барамын деп қоярда қоймай атаң өлсе атамайтын қара қашарды саттырып, ақшасын жамбасына басып кетіп еді. Содан не өлімін, не тірімін деген хабарын білдірместен жатып алды. Шыққан қыз шиден тысқары, бұл да оны іздемеді. «Шешесі, қызыңды іздемейсің бе?»-деп  ызыңдап құлағының құртын жеген тұста: «Өзің барып бір хабарын біліп кел»,- деумен шектелетін.

Өмірі Сарқамыстан аттап шықпаған бұл байғұстың аузына құм құйылатын. Ақыры, құрысыншы өзі келді. Есіктен кіре мамырап: «Қара қашардың ақшасы»,- деп бір буда ақшаны қолына ұстатты. Қайдан алғанын кім білсін? Бұл сұрамады.

 Осы сәт кемпірінің:

-         Әй, шал! - деген даусы оның ойын бөлген.

-         Иә, - деді бұл жақтырмай.

-         Ардан - қордан безген мына қар екі кештің арасында Андақұлы бар болғырмен қолтықтасып қайда кетіп барады? Көршілерден ұят...

Бұл сәтте ішкі қыжылы сыртқа теуіп, ашынып тұрған шалы бұған алая қарап:

-         Әй!- деген зілдене тіл қатып,- қызыңның әбден ашылып-шашылып болған артын алақаныңмен баспақсың ба? Қызыңды тый, қалаға жіберме!- деп Құдайдың зарын қылғанда...

-         Бұл, байғұс, қит етсе мені кінәлап шыға келеді,- деп орамалының ұшын көзіне апара берген әйеліне:

-         Жә,- деді әлемтапырық болған жүзін жылытып,- сен Алладан бүгін түнде екеуін төсектес қыла көр!- деп тіле. Содан кейінгісін маған қалдыр,- деген қырылдай сыбырлап.

 Ал бұл сәтте Андақұл Аяулымға:

-Апам үйде жоқ еді, үйде жоқ,- деп қайталаумен келе жатыр еді. Оның мұнысына Аяулым:

-Тіпті жақсы,- деген наздана еркелеп,-онда екеуміз бастаңғы жасаймыз, білдің бе? Андақұл:

-Бастаңғы?.. Бастаңғы дейсің бе?- деп  жол бойы сұраумен болған.

-Мұны мұншалықты мәңес деп кім ойлаған? Сенің осы ашық ауыздығыңды пайдалана алсам жарар еді. Сөйтіп, тырнағыма бір іліктерсем. Қалада жаппай қысқартудың құрбаны болып жұмыссыз,  жатаханасыз қалған тұста Паша атты орыс шалына үй жұмысшысы болып жалданып, жеке басты бейшараның бір айға жетер-жетпес уақытта қойнына кіріп алып айтқаныма көндіріп, айдауыма жүргізіп, біршама көлемді зейнетақысын керегіме жараттым. Қара қашардың ақшасын әкеме қалай қайтарамын деп жүріп әр кеш сайын шалы құрғырды құшағыма алып, оның азды-көпті ақшасын сүлікше сорып, ақыры, әкемнің ақшасын жинақтадым. Сөйтіп жүргенде өне бойымды билей жөнеліп, ырқымды алып, дегбірімді қалдырмай дегеніне көндіретін  еркекқұмарлық атты дертке ұшырағанымды сезбей де қалыппын.

Сол сәт Андақұл үйдің есігін ашып, бұған:

-Жоғарылат!- деген. Үйге кірген бойда мұны диванға қарай жетелеген. Аяулым: «Бастаңғы бастаймыз!»- деген ынтыға сыбырлап. Әп-сәтте үстіндегі лыпасын көз ілеспес шапшаңдықпен шешіп тастаған ол мұны құшақтай диванға жантая берген.

-Есіктің күршегі...

-Алаң болма, бұл -бастаңғы ...

Ол үшін ешкім де...Осы бір аңсарлы сәтті аңсай күткен құмарлық құрты Аяулымның өне бойын былай қойып, ой-санасын барған сайын тұмандатып жіберген еді.

Ол сол сәтінде құмарлық құрсауында болатын. Кешкі шай үстінде Андақұл: «Бастаңғы деген осы де! Керемет, керемет екен!» - деп аузын ашып, көзін жұмып  тамсанумен болған.

-Мұны мұншалықты ақымақ деп кім ойлаған? Дегенмен Пашаға қарағанда, қуатты тізелі екен.

-Е-е,-деді әлден соң Алдеке,- бұл бастаңғының басы ғой... Үлкені алда.

-Солай ма? Тек есіңде болсын.

Ертең үйлену туралы сөз болмайтын болсын. Тек бүгінгі бастаңғыны на  высшем уровне  өткізейік. Екеуі соған келіскен. Бәлкім, өзара бастаңғы атандырып, төсекте төстерін түйістірген махаббат атты ұлы сезімге жол ашуға қауқары да ынтасын да жете түсіне қоймайтын осы бір ұшқалақ сезім лап еткен сәтте жалп етіп сөнер ме еді?

Тек Аяулымның әкесі, кешегі белсенді  Қабылқайыр араласпаса.

Ол әйелінен:

-Қалай қызыңа Андақұл сөз айтып па?- деп сұраған.

-Жоқ, екеуі жай...

-Жайы қалай?

-Енді жастар ғой, ойнап-күліп дегендей...

Бұған : «Қақпас ит,  сен не деп тұрсың? Ойнап-күлгенді көрсетейін мен оған!» -  деп есікке беттеген.

Күйеуінің сұсты жүзінен сескенген ол: « Алла, өзің сақтай гөр! Мына шалы құрғыр Андақұлды  ашу үсті жазым етпесе жарар еді»,- деумен болған.  Оның бұл қорқынышы негізсіз де емес еді.

Кезінде талайдың дәм-тұзының ит жеккенде таусылуына себепкер болған бұл сұмырайдың қанды шеңгелінен Абзал марқұм да құтыла алмады ғой. Құтыла алмады. Абзал бұған көңіл білдіріп жүрген. Ортаға бұл келіп килікпегенде, кім білсін?.. Оны үйінен алдап алып шығып, ішкізіп мас қылдырып, піштіріп тастапты. Алла сақтасын! Жұрт солай деседі. Ол кезде «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп білетін қариялар болар іс болды деп жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырды.  

Ал Абзал байғұс ит қорлықпен көз жұмды ғой.  Ал мұның әкесі: «Байғұс, өле-өлгенше, жарығым-ай, шыбын жанымнан қорқып, сені қанды балақ қарақшыға бердім –ау! Кешір әкеңді, кешіре гөр!»- деп егіліп өтті. Оны бұлайғы жұрт қайдан білсін?!.. Терең ойға берілгендігі соншалық:

-Апа, апа деймін, ауырып қалғаның қай жағысың?- деген көрші әйел иығынан түртіп.

-Жоқ, жоқ,- деді бұл,- бір ойға беріліп тұр едім.

-Е-е, мына заманда кімнің ойы орнында дейсіз?

-Біз жүгімізді буып-түйіп қойдық.

Машина тосып отырмыз. Қалаға көшеміз. Кетер алдында әруақтарға құран оқытпақпыз. Соған кешке атам екеуіңізді шақыра келдім.

-Барамыз, барамыз,- деді бұл,- ауылда ешкім қалмай барады- ау.

-Оныңыз рас бізден кейін тағы екі-үш үй қалаға көшпек.

Ал бұл сәтте өріске малын шығарып тұрған Андақұлды атының кеудесімен қаға-маға тоқтаған Қабылқайыр қарғып түсіп, түсін суытып:

-Біздің қызға қашан құда түспексіңдер?- деп сұраған.

-Ондай әңгіме болған емес. Біз жай... ойнап- күліп...

Осы сәт жан-жағына жалтақтай қараған Қабылқайыр маңайда тірі жан жоқ екеніне көзі жеткен тұста, Андақұлдың кіндігінен төмен сарт еткізіп  салып жіберген. Аңдаусыз тұрған бұл кіндік тұсын қос қолымен басып, құлындағы даусы құраққа шығып, зәресі ұшып еңіреп жіберуге шақ қалған.

-Тыңда!- деді бұл қатқыл үнмен,- сен  Абзалға  менің не істегенімді естіп пе ең?

Сол сияқты сені де піштіріп тастау, үй орманыңды өртеп жіберу сен сияқты тоқтылық тонауы жоқ сүмелекті терең қазып тебе көме салу маған түк емес білдің бе?- деп ақырып қалғанда, бұл шоқ басқандай шошынып ыршып түскен. Осы сәт Қабылқайыр: «Ана шешеңді Аяулымға құда түсуге жібер! Ұқтың ба? Осы жұмадан қалдырма!»- деген ызбарланып тіл қатып. Оның сөзі қандай ызбарлы болса, түрі сондай үрейлі еді. Сол күннен бастап бұдан маза кеткен. Әсіресе Қабылқайырдың: «Терең қазып, тебе көму»,- дегені құлағының түбінде ызыңдап тұрып алған.

Абдырап жүріп жұманың да жақындап қалғанын аңдамай да қалған еді.  Далаға беттеп бара жатқан мұны шешесі тоқтатқан.

Жанына жайғаса отырып:

-Осы Аяулым бізге келін болса,- деп сөз бастаған. Бұл оның сөзін үнсіз тыңдаған.-Қарсы емессің ғой?..

Сол сәт Қабылқайырдың ашулы жүзі көз алдына келе қалған бұл: «Қарсы емеспін»,- деген. Біртүрлі берекесі қашып, сасқалақтап . Сөйтіп, Аяулым екеуі шаңырақ көтерген. 

Соған да жыл өтіп барады. Бір күні ойда-жоқта намаз оқып отырған шешесінің: «Аруағыңнан айналайын, Қареке-ау, жатқан көріңнен ақыретіңді сүйретіп келіп, тас қараңғы қорада білегімнен шап беріп ұстай алып: «Сенің ұлыңнан менің шөпшегім... Аяулымның аяғы ауыр»,- деп  қырылдай сыбырлай ұлыңа келер жұмадан қалдырмай шөпшегімді айттыр деген едіңіз,    айтқаныңды екі еттім бе? Жоқ.

Тек шөпшегім екіқабат деген едіңіз. Пұшпағы қанар түрі жоқ дегенін құлағы шалған. Сонда мұның бәрі Қабылқайыр төбеттің шантажы  болғаны ғой . Көкеңді көзіңе көрсетейін. Әйтпесе өмірден озғанына екі ғасырға таяу уақыт өткен. Қаракең... көрден шығып, ақыретін сүйретіп қайдан келсін?».  Есікке бұрыла бергенде үй іші қараңғыланып  аяқ асты көтерілген құйын ұшырған әлдене әйнекке сарт ете түсіп, шынысы быт-шыт боп намаз оқып тұрған шешесін мұрттай түсірген.

-Астапыралла!..

Бұл шешесінің соңғы сөзі еді...

Аяулым мен Андақұл шағын қалалардың бірінде тұрып жатыр. Мұнда көшіп келісімен Андақұл осындағы базарда сауда жасайтын қыз-келіншектердің тауарларын базарға базардан қоймаларына таситын жүкші болып орналасты. Таңғы алтыдан базарға кетіп, кешкі тоғыз-онда сүрініп, жығылып үйге шаршап- шалдығып оралатын. Ол тамағын апыл-ғұпыл ішіп төсекке жығылатын. Тіпті мұны есінен шығарғандай еді. Бұған ыза болған Аяулым бірде үстіне қонжия кеткен. Сол сәт көзін ашып алған Андақұл:

-Арсыз неме, мен саған шаршап жатырмын,- дедім ғой деп. Ата тұрып жағынан салып жіберген. Тоқтар, ақылға келер. Ақыр соңында, төсек қызығынан басқа да ерлі-зайыптылар арасында ғасырлар бойы қалыптасқан адами қарым-қатынастар барын  ұғынар деген мұның ойы күл болып, көкке ұшқандай еді.

Көп ұзамай Аяулым үйде тұрған азды-көпті ақшаны алып, барын киіп, байлауын салып Андақұл жұмысқа кеткенде көрші қалалардың біріне тайып тұрған. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген рас екен. Қаланың ортасында таман кафе, ресторан жиі шоғырланған тұстан пәтер жалдаған. Тек қалталары қалың, әйелқұмарлардың да аяғына  қаржылық тұсау түскен кезі еді бұл.

Содан бұл әр қиырдан қалаға жүк әкелетін, алысқа қатынайтын жүргізушілердің  жолын торуылдап, бірер рет азды-көпті нәпақа да тапқан. Бірде түн ортасында таман өзі мінген машинаның жүргізушісі:

-Ойбай, біздің жігіттерді МАИ тоқтатып, тексеріп жатыр. Сіз түсе тұрыңыз тез, тез!»- деп дегібірін алғандығы соншалық- бұл сөмкесіне қол созғанда: «Оны маған беріңіз!»- деп қолынан жұлып алған. Бұл жерге түскен сәтте машина қозғалып жүре берген.

Сөйтіп, бұл Құдайдың құба жолында қаңғып қала берді. Төлқұжаттан, ақшасынан айрылған ол көз жасын көлдете отырып Андақұлды есіне алған. Сол тұста Андақұл да  бұған қанша іздеу салса да, көрдім білдім деген жан болмаған. Ал полициядағылар: «Сіз тағы да жоғалған әйеліңізді іздеп келдіңіз бе? Бәлкім, оны өзің өлтіріп тастаған шығарсың?..»- деуден әрі аса алмаған.

Шарасыздық, ақыр соңында, өзін төсекке алып ұрған. Сырқаты күннен-күнге меңдеп бара жатты. Дәрігерлердің жазып берген дәрісін алып ішуге ақшасы жоқ еді.

-Апай, отырыңыз, қайда барасыз? Бұның жанына келіп тоқтаған жігіттерге:

-Екібастұзға,- деп жөнін айтқан.

-Біз де солай қарай барамыз.

Отырыңыз, жігіттердің бірінің көзі мұның мойнындағы алқасына, қолындағы жүзіктеріне түскен. Ол бір ауылға жақындаған тұста жігіттер: «Бел жазып алсақ қайтеді?»- деген.

-Әй, мына қатын кекселеу болса да, жарамды сияқты. Мойнындағы алқасы, қолындағы жүзіктері.

-Ұқтық,- десті аналар. Тек қанына ортақтаспай-ақ қояйық. Ауылдың алдындағы қалың шілікке келіп тоқтаған бұлар:

-Апай, түсіңіз осы арада біраз бой жазып, ойнап-күліп алсақ.

-Опыр-ай, ә... жүзі жылып, жымыңдап сала берген.

-Ту-у,  тамаша, айтары жоқ тамаша екенсің.

 Бұл оның естіген соңғы мақтауы еді.

-Ойбай, менің астым шаншып барады!

-Не дейді мына қатын?

- Бичтің өзі болмасын.

Біреуі мұны көзден қойып жіберіп,екіншісі мұны ұрғанда, өлтіргенде не өнеді? Онан да алқасын, сырғасын, жүзіктерін алыңдар. Емделуге қаражат керек емес пе? Ал, кеттік,- деп тартып отырған.

Абырой болғанда, жол күтіп тұрған мұны әлдекім танып:

-Сіз Андақұл ағаның әйелі емессіз бе?

-Иә,- деді бұл.- Отырыңыз, ағай сізді жоғалтып...

Осы сөз Аяулымның құлағының түбінде ызыңдап тұрып алған. Міне, ол өздері тұратын үйге қарай беттеп келеді. Апыр-ай, Андақұл қарсы алар ма екен?.. Қуып шықса қайтем?- деген күдікті ой меңдегені соншалық – бір сәт ешкімнің көзіне түспей- ақ маңайдағы жұмысын тоқтатқан көп шахталардың біріне құлап өлсем.

Жоқ, асылып өлсем, - деген сан-алуан ойға берілген. Жеме- жемге келгенде, өне бойы қалтырап, тайқып шыға берген.

Бұған есік ашқан кексе әйел мұны танып, жолын кес-кестеп:

-Кет, кет, көзіңді жоғалт! Андақұл маған үйленген. Енді Андақұл- менікі, кет.   Аяулым оны қаға-маға ентелеп ене берген. Тіпті болмағаннан соң кеудесінен кері итерді.

Сол-ақ екен сартпа-сұрт төбелес басталып кетті. Өткен айлардың ішінде талай еркектен, талай әйелден таяқ жеп пісіп қатқан Аяулымға  ана әйелдің ұрып-соққаны шыбын шаққандай әсер етпеген. Әлден соң ол ананың шашын жұлып, бетін тырнап, итше тепкілеп, көкесін көзіне көрсеткен. Әбден сілелей таяқ жеген анау далаға атып шығып, безе жөнелді.             

Бұл үйге кірген тұста кереует үстінде сұлық жатқан Андақұл көзін ашып:

- Келдің бе, келдің бе ? Тірі екенсің ғой?!.. Бар екенсің ғой?!..- деп кемсеңдей бастаған. Бұл да төсекке таңылған Андақұлға қарай құстай ұшқан.

- Сағынттың ғой,-дейді Андақұл ентіге дем,- алып кетпеші, қасымда болшы.

Бұл оның өмірден өз жолын таба алмай, арына дақ түсіріп, шантаж  құрбаны болған бейшара Аяулымға деген аянышы ма, жоқ әлде?.. Жасқа да, кәріге де біріне ерте, біріне кеш ақ сәулесін түсіретін махаббат шіркіннің кешеуілдеп жеткен көрінісі ме?.. Тап басу қиын еді. Екеуі бірін-бірі құшақтап, сүйіп, бұрын-соңды болмаған ләззәт сезімін бастан кешуде еді. 

                         Сүлеймен Баязитов

MuxitMuxit
8 лет назад 2270
0 комментариев
О блоге
0
0 0 0 0 0